04.11.2014

Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейі

Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейі туралы

         «Музей»  сонау антикалық дәуірлерден келе жатқан ұғым. Ежелгі Римде музей сөзі «музалар ғибадатханасы», «естелікті сақтаушы», «көне құндылықты сақтайтын орын» деген мағананы білдіреді.
          Музей- ел тарихының қазынасы, халық мұрасының тұғыры. Тарихты игеру ең әуелі туған өлкесін танудан басталады.Өйткені, әрбір адам өзі өскен жерін, қоршаған ортасын, сол жерде еңбек етіп, елін, жерін қорғаған ата-бабасын танымайынша Отаншыл, елшіл, азамат болып қалыптасуы екіталай.


         Халқымыздың  асыл рухани мұраларын жинап, өлкеміздің өткені мен
бүгінін жалғап отырыған, Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейі – өлке тарихын сақтап, тарихи-мәдени насихат жұмыстарын атқарып отыр.  Музей 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылды.
         Біздің Хромтау өңірі-тарихы көне замандардан бастау алатын шежірелі өңір, қасиетті мекен. Әр түрлі табиғи ескерткіштерімен өлкеміз ерте кезден –ақ адамзат өмір сүруіне қолайлы қоныс ретінде белгілі.
         Тарихын тереңнен тартса адамзат дамуының тас, қола дәуірлерінен тіл қататын осы сөзімізге айғақ боларлық ескерткіш-жәдігерлері мен ел жадындағы ескі әңгімелер, соғыстан кейінгі шаруашылықтың қалыпқа келуі, тың игеру сияқты оқиғалардың баршасы Хромтаудың  да тарихын айшықтайды. Еліміздің бір туар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз «Қай халықтың болсада рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталады» деп бүгінгі өскелең ұрпаққа ұлттық таным мен рухани тарбие беруде, тұлғалық қабілеттерін дамытуда мәдени мұрамызбен көне жәдігерлердің жетекші ролі сөзсіз.
         Осы  өлкенің өткені мен бүгіні, бай қасиеті де шежірелі тарихын көк тастың астында қалдырмай жинақтап, сақтап, зерттеп- зерделеп оны халық санасына насихат жүргізіп отырған Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейі. Музей қызметкерлерінің тынымсыз іздестіру барысында, жергілікті халықпен тығыз байланыс қалыптастыру нәтижесінде музей қоры бүгінгі таңда 3700 жәдігерге жетіп отыр.
         Аудан жері көптеген тарихи оқиғаларды бастан кешірген. Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен, бұл киелі топырақта ел қамын ойлаған қоғам қайраткері,от ауыз, орақ тілді ақындар, жұртты ғажап өнерімен  тәнті еткен талай табиғи таланттар дүниеге келген. Бүгінде осы халық ұлдарының асыл бейнелері музей төрінен орын алған.
          Атап айтсақ, өз заманында жарты патша атанған,тарихи тұлға Дербісәлі Беркімбаев, ақын Әкімәлі Қаржауов,әнші Қуандық  Жездібаев, белгілі  қоғам қайраткері: жерлесіміз Құрманғали Оспанов, Ақжар селосында дүниеге келген.Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми орталығының Бас ғылыми қызметкері, профессор запастағы полковник Ким Серікбайұлы Серікбаевтардың құжаттары, фото-суреттері, қолжазбалары, жинақ өлеңдері т.б. керекті мәліметтер музейде баршылық.Сондай-ақ аудан тарихында өзіндік із қалдырған бірегей ел азаматтары мен азаматшалары  туралы деректі мәліметтер жинақталып, толықтырылып отырады.
          Музей киелі шаңырақ, ондағы әрбір  құнды жәдігерлердің өзіндік тарихи сырлары ерекше маңызға ие.
         Өткен ғасырлардағы жәдігерлерді жинақтап оны келешек ұрпаққа жеткізу өзге жұртқа  насихаттауда аудан музейлерінің алар орны ерекше. Олай дейтін  себебіміз барды жарқыратып көрсету насихаттау- абыройлы міндеттің бірі. 
         Музей – тарихи-мәдени мұраларды сақтаушы, қорғаушы, насихаттаушы. Сондықтан, музейде өлкеміздің тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, ғылымына, археология мен этнографияға байланысты, өлкенің флорасы мен фаунасынан айтарлықтай материалдар жинақталып, сақталған.
         Музей қызметкерлері осы тақырыптарды ашып айтып, экскурсиялар, лекциялар, әңгімелер жүргізіп, кеңестер береді. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттап - тәрбиелеуде көлемді жұмыстар атқарып отыр.
         Мәселен, Ор бойындағы ежелгі өркениет ескерткіштері – қола дәуірінің жерлеу кешендері мен қоныстары, басқа да табиғи ескерткіштері археолог-ғалымдардың назарын өзіне аударуда. Тарих ғалымдарының докторы, профессор Әжіғали Серік Ескендірұлы бастаған «Хан моласы» экспедициясының мүшелері «Ойсылқара» этнографиялық тарихи ескерткішінде болып, жерлеу кешендерінің жер үсті құрлысын, құлыптастардағы таңбаларды зерттеп, музей қорындағы этнографиялық экспонаттардың эскизін қағаз бетіне түсірді.
         Аудандық музейде келушілердің қызығушылығын туғызатын ерекше дүниелер баршылық. Бор дәуіріне жататын ірі кесірткенің тасқа айналған омыртқасы, шыққанына 1 ғасыр болған араб тіліндегі ескі кітаптар біздің музейде сақтаулы.
         Музей – ішкі туризм объектісіне жатады. Қазір облысымызда ішкі туризмді дамытуға алғашқы қадамдар жасалуда. Музейлер де осы жұмысқа тартылуда. Музей қызметкерлері курстарда оқып, семинарларға қатысты, аттестациядан өтті.
         Мысалы, музей директоры Н.Ж.Аманғалиева 2008 жылы Қарағандыда өткен «Ашық-Азия, Ашық музей» II фестиваліне, 2012 жылы Астанада өткен «Мұражайды басқару; саясатты өңдеу мен тәжірибелік реттеу» тақырыбындағы аймақтық тақырыптық тренингке қатысып, еңбектері жинаққа шықты. 2014 жылы «Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік мекемесі және «Зере Тур» туроператорлық компаниясы ұйымдастырған білікті экскурсовод мамандарын даярлау семинар-тренингіне қатысып, музей ісі жөнінде тәжірибе жинақтады. Музей қызметкерлері музей қабырғасындағы жұмыстармен ғана шектелмей, музейден тыс жерлерде лекциялар, баяндамалар оқып, экспидицияларға қатысады.
         Музей ғылыми қызметкері Бекзада Нұрмұханова аудан аумағындағы тарихи орындар мен музей туралы 2013 жыл  «Атажұрт» телебағдарламасы
бойынша Ақтөбе-Қазақстан телеэкспедициясының мүшесі Әнуарбек Мырзатайұлына және «Ойсылқара,Айдарлыаша геологиялық қимасы туралы
«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының тілшісі Әлия Таласоваға бұл туралы облыстық Ақтөбе және республикалық Қазақстан телеарналарынан сұхбат берді.
          Қор сақтаушы Омарова Күлсін Шамшитдинқызы Облыстық тарихи -өлкетану музейінде «Музей жұмысы-мұраға мұқият қараудан басталады» тақырыбында өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп баяндама жасап, аудандық, облыстық газет-журналдарда мақалалары жарық көріп отырады.
         Осындай ауқымды жұмыстар атқарып отырған музей қызметкерлерінің жұмысы әкімшілік тарапынан ескеріліп, әр жылдары мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталды  биыл, 2013 жылдың жылдық  қорытындысы бойынша, Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейі, облыстағы аудан музейлері арасынан барлық көрсеткіштер бойынша жоғары нәтежиеге жетіп, «Үздік музей» сертификаты мен қоса ноутбук жеңіп алды.


Қор сақтаушы К.Ш.Омарова



Комментариев нет:

Отправить комментарий

Наверх Автопрокрутка Стоп Scroll