04.11.2014

Хромтау ауданының даму тарихы



   Хромтау ауданының өзіндік тарихы бар. Өз алдыны аудан болғанға дейін Новоресей ауданы Ақтөбе округіне, кейін Ақтөбе ауданына қараған.


         Жалпы Кеңес үкіметі социалистік шаруашылықты жүргізудің тиімді жолдарын іздестіріп, әкімшілік – территориялық бөліністерді жиі өзгеріске ұшыратып отырған. Солардың бірі, 1928 жылы құрылған Ақтөбе округі. Бұл округтің құрамында 13-аудан болды. 13-ауданның бірі Новоресей болатын, бірақ екі жылдан соң Ақтөбе округі таратылып, оның құрамындағы Новоресей ауданының жерлері Елек, Қарабұтақ аудандарына беріліп, қалған жерлері Ақтөбе ауданының құрамына енгізілді.
          Тек 1935 жылғы 31 қаңтардағы (ВЦИК)  Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Ақтөбе облысының құрамында Новоресей ауданы шаңырақ көтерді. Ауданның әкімшілік орталығы болып, Новоресей селосы белгіленді.
         Ауданның жалпы аумағы 12,9 мың шаршы км-ді құрайды. Алғашқы жылдары аудан аумағында  егіс алқабы 21398 гектарды құрап, мемлекет қоймасына 3716 тонна астық құйды.
         Осылайша жақсы басталған бейбіт тірлікті Кеңес үкіметінің солақай саясаты асты-үстіне шығарды. Бұл қанды қырғын тұзағынан Хромтау өңірі де тыс қалған жоқ. Қатардағы қарапайым шаруадан мемлекет қызметкерлеріне дейін  «халық жауы» болып ұсталып жатты. (Қ.Жездібаев, Ә.Қаржауов, С.Капин, П.Кунтье т.б). Осындай қиын кезеңдерге қарамастан, Кеңестік ұжымдық шаруашылықтарды ұйымдастырушы кадрлар өсіп шықты. Мысалы, Б.Тұрмұханбетов, Т.Жұмағалиев, Б.Бекешова т.б.
         Ауданның өндірістік өңірге айналуына, әлеуметтік экономикалық жағынан дамуына Оңтүстік Кемпірсай  аймағындағы «Гигант» кен орнында  алғашқы хром рудаларын өндірудің басталуы жақсы ықпал етті.Сөйтіп, ДӨҢ  кен рудниктерінің  жаңа дәуірі басталды.
         Ұлы Отан соғысы жылдарында  еліміздің өзге өңірлеріндегідей, Хромтау өңірінен де ер азаматтар майданға аттанды.
         Деректерге сүйенсек, Новоресей аудандық комиссариаты  арқылы                12 мыңдаған адам майданға аттанған. Оның көпшілігі хабарсыз кетті. Майдан даласынан оралмады. 2 мыңға жуығы ерліктері үшін  мемлекеттік наградаларға ие болды. Ал аға сержант Л.П.Шиловский мен  В.Ф.Величкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.В.С.Шахрай «Даңқ» орденінің толық иегері болды.              Ер азаматтармен бірге Отан қорғауға аттанған Хромтаулық қыздар да болды. Олардың көпшілігі майдан даласынан оралмады. Ал Ш.Рахметова,Н.Плотникова, Л.Муцнек, М.Сидельникова, Н.Дубинина, В.Саржанова және тағы басқалары елге жеңіспен оралып, ауданда түрлі салада еңбек етті.
         Соғыстан кейін тұралап қалған халық шаруашылығын қалпына келтіруге, халықты жаппай еңбекке жұмылдыру үшін, Кеңес үкіметі социалистік жарыс әдісін енгізді. Жеңіспен шабыттанған халық, бейбіт еңбекке құлшына кірісті.          Сөйтіп, 1945-1950 жылдар арасындағы бесжылдықта, аудан облыстағы өндірісі мен ауылшаруашылығы дамыған іргелі ауданға айналды. Мал өнімдерін  өндірудегі жоғары көрсеткіштері үшін «Құдықсай» және «Қопа» совхоздарының малшылары А.Асанов, М.Елкеев, Х.Кенжалин,Б.Нұрлыбаев «Социалистік Еңбек Ері» атағын алса, тың және тыңайған жерді игеру жылдарында яғни, 1956 жылы Новоресей ауданы мемлекетке 100 мың тонна астық тапсырып, Қазақ Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің «Қызыл Туымен» марапатталып, Қызылжар МТС-інің комбайншысы М.П.Лахно мен Киров атындағы ұжымшар комбайншысы Б. Алдияров» Социалистік Еңбек Ері» атағын алды.
         Сонымен қатар, осы жылдары бұғанасы қатпай колхоз жұмыстарына ерте араласқан қарапайым еңбеккер Т.Нұрмұхановтың, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, 1953-1960 жылдар аралығында Шалқар  аудандық партия комитетінің, Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасаған П.Ә.Оралбаев, 1945-1957 жылдары әскери міндетін атқарып, 1961 жылы Кұдықсай кеншарының бірінші фермасында зоотехник болып еңбек жолын бастаған  Қ.Сатов, ауданның қоғамдық саяси  өмірінде өзіндік із қалдырған майдангер  Ә.Т.Сейтмағанбетов,  партия-кеңес қызметінде жұмыс жасаған П.Ж.Тлеуов және Хромтау ауданында ең қарт қария Ж.Тұрмұханбетовтың және тағы басқалардың еңбектегі ерлігін атап айтуға болады.
         1967 жылы қаңтардың 16-дағы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің жарлығымен Хромтау жұмысгшылар поселкесіне  қала статусы беріліп,  аудан орталығы болды. Сөйтіп, Новоресей ауданының  Кеңестік дәуіріндегі  халық шаруашылығының бесжылдық жоспарларында халық шарушылығының барлық саласында ірі жетістіктерге қол жеткізген облыстағы ірі аудандардың бірі болды.  
         Қазақстан өз тәуелсіздіген жариялап, Егеменді ел болғаннан кейін жоспарлы экономикадан бас тартып, экономиканың барлық саласы, соның ішінде  ауылшаруашылығы өзгеріске ұшырады. Мемлекеттік және ұжымдық меншіктер жекешелендіріліп, баға босатылды, ауылға нарықтық қатынастар келді. Алайда жаппай жекешелендірудің алғашқы жылдарында  үлкен қиындықтар туындады. Осындай уақытта жедел қолға алынған экономикалық саясат, мемлекет пен үкіметтің қамқорлығы елдегі, оның ішіндегі ауылдың жағдайының түзелуіне дұрыс бағыт берді. Ауылшаруашылығын, оның тұрғындарын қаржылай қолдау жұмыстары жүйеге түсті. Сөйтіп, тәуелсіздік пен бірге нарықтық инфро құрылымдар қалыптасты.
         Әлеуметтік салаларда, денсаулық сақтау мен мәдениетте, оқу ағарту мен спортта, байланыс пен автокөлік тасымалында т.б. салаларда әлемдік озық тәжрибелер енгізіліп, орнықты. Хромтау ауданының бүгінгі тұрмыс тіршілігі даму өркендеу өзгерістерімен сипатталады. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий

Наверх Автопрокрутка Стоп Scroll